Жол бригадасымен болған жазатайым оқиғаның себептерін тергеу бойынша барлық шаралар қабылданып жатыр – ҚТЖ
Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға болған Мойынты-Шығанақ учаскесінде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.
Бұған дейін Қарағанды облысында рельс ауыстырып жатқан төрт жұмысшыны жүк пойызы басып кеткенін жазған болатынбыз.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ 2025 жылғы 10 желтоқсанда сағат 17:15-те Мойынты – Шығанақ учаскесінің Шешенқара-Қаражанғыл аралығындағы рельсті ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстарды орындаған Сарышаған станциясының жол бригадасымен болған жазатайым оқиғаның себептерін тергеу бойынша барлық шараларды қабылдап отыр. ҚТЖ зардап шеккендердің отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсетеді. Жедел шешімді талап ететін барлық мәселелер ерекше бақылауға алынды», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, оқиғаның барлық мән-жайлары мен себептерін анықтау үшін «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС және Магистральдық желі дирекциясы басшыларының қатысуымен компанияның бас инженерінің басшылығымен арнайы комиссия құрылды.
Сондай-ақ оқиға орнында уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдері жұмыс істеуде.