Жобадағы «еңбек демалысының» алдында «жыл сайынғы» сөзінің болмауы қызметкер құқын шектемейді - министрлік түсіндірмесі
Ақпараттық кеңістікте жаңа Конституция жобасының 27-бабының 4-тармағында «еңбек демалысы» сөзінің алдында «жыл сайынғы» сөзінің болмауы қызметкерлердің құқықтарын шектеуге әкеп соғуы мүмкін деген пайымдаулар таралды. Осыған қатысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндірме берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Конституция адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының іргелі қағидаттары мен кепілдіктерін бекітеді. Ал тиісті құқықтардың нақты мазмұны, көлемі және оларды іске асыру тетіктері салалық заңнамамен айқындалады. 27-баптың жобасы демалу құқығын заңмен кепілдік берілген құқық ретінде бекітеді. Еңбек демалысы – осы құқықты іске асыру нысандарының бірі.
Қолданыстағы Конституция да, жаңа редакция жобасы да демалу құқығының өзін бекітеді. Демалыстың ұзақтығы, оның кезеңділігі, берілу тәртібі және өзге де шарттары дәстүрлі түрде еңбек заңнамасымен реттеледі.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес қызметкерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына кепілдік беріледі: оның ең төменгі ұзақтығы белгіленген, беру тәртібі айқындалған, сондай-ақ демалысты бермеуге тыйым салу заң бойынша көзделген. Аталған ережелер өз күшінде қалып, Конституцияның жаңа редакциясы жобасында сақталады.
Конституция жобасында «еңбек демалысы» деген жинақтаушы терминнің қолданылуы құқықтық тұрғыдан неғұрлым әмбебап тұжырым болып табылады. Еңбек заңнамасында «еңбек демалысы» ұғымы оның әртүрлі түрлерін, соның ішінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын, әлеуметтік демалыстарды және заңда көзделген жұмыстан босатудың өзге де нысандарын қамтиды. Осылайша, конституциялық норма қызметкерлердің құқықтарының көлемін тарылтпайды, керісінше, заңмен көзделген кепілдіктердің бүкіл кешенін қамтиды.
«Тұжырымның жаңартылуы жыл сайынғы ақы төленетін демалыстың жойылуын білдірмейді және еңбек заңнамасын автоматты түрде өзгертпейді. Демалу құқығы конституциялық кепілдік мәртебесінде қалады, ал оның нақты мазмұны Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттеледі», - делінген хабарламада.
Министрлік ұсынылып отырған өзгерістерді бағалау кезінде Конституция нормалары мен салалық заңнаманың жүйелі өзара байланысын ескеруге және тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады.
Еске салайық, бұған дейін Еңбек министрлігінде жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер талқыланғаны туралы жаздық.