Орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы дивизиондағы барлық басты чемпиондық белбеуді біріктіруді басты мақсат етіп отырғанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Абсолютті чемпион – бұл бокстағы шынайы биік. Мен дәл соған қарай бет алып келемін. Менің салмақ дәрежемде менің алдымда тұрған ешкім жоқ», - деп жазды Жәнібек әлеуметтік желідегі Х парақшасында.
Айта кетейік, орта салмақтағы WBC белбеуі доминикандық Карлос Адамес, ал WBA титулы жасы келген кубалық Эрисланди Лараға тиесілі.
Жәнібек соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 5 сәуірінде Астанада өткізіп, француз Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутпен жеңіп, IBF және WBO белбеулерін сәтті қорғаған болатын.
Енді ол Адамеспен жекпе-жекке шығуды көздейді, алайда доминикандық боксшы чемпиондық атағын сарапқа салуға асығар емес.