Жер қойнауын пайдалану платформасында онлайн 22 қызмет көрсетіледі

Жер қойнауын пайдалану платформасында онлайн 22 қызмет көрсетіледі
Фото: freepik.com

Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын іске қосу бүкіл процесті – өтінім беруден рұқсат алуға дейін – онлайн-форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді. Орталық коммуникациялар қызметі баспасөз конференциясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының м.а. Қанат Ерубаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында барлығы 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Бұдан басқа, бүгінгі күні жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында 66 мыңнан астам геологиялық есептерге қол жеткізу қамтамасыз етілді. Мұның бәрі республикалық геологиялық қорлардың есептері. Географиялық тұрғыдан аудандарды зерттеудің 109 мың контуры бекітілген. Барлық жаңа жобалардың нәтижелеріне, оның ішінде 1:50 000 масштабтағы карталау және сейсмикалық барлау жобалары бойынша еркін және ашық қолжетімділік қамтамасыз етіледі», - деді Қанат Ерубаев.

Сонымен қатар, бастапқы геологиялық ақпаратты цифрландыру жүргізіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бастапқы геологиялық ақпарат деректерінің 97,5% - ы, яғни шамамен 4,7 млн құжат электронды форматқа ауыстырылды, толық цифрландыру биыл аяқталады.

Еске сала кетсек, елімізде жыл соңына дейін геологиялық деректер толық цифрландырылатынын хабарладық.