Зейнетақы төлемінен 20% ұстап қалады деген ақпарат – жалған
Әлеуметтік желіде таралып жатқан зейнетақы төлемінен 20 пайыз ұсталады деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Deepfake технологиясын пайдалана отырып, ынтымақты зейнетақы төлемі 20%-ға қысқартылады деген жалған мәліметі бар бейнеролик таралып жатыр.
«2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері ҚР Ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10%-ға арттырылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде жыл сайын кезең-кезеңімен ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 120%-ына дейін ұлғайтылып жатыр», делінген хабарламада.
Министрліктің мәлімдеуінше, 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге (күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ал ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін ұлғайтылып, 60 005 теңге болды.
Еске сала кетсек, қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы қаражат көлемі артты.