Қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы қаражат көлемі артты

Бүгін, 16:36
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы қаражат көлемі артты
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 1 наурыздағы жағдай бойынша 26,87 трлн теңгеден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,19 трлн теңгеге немесе 18,5%-ға көп, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына сілтеме жасап.

БЖЗҚ мәліметінше, жинақтардың негізгі бөлігі – 25,23 трлн теңге міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан. Ал міндетті кәсіптік жарналар көлемі 746,9 млрд теңгені құрады. Ерікті зейнетақы жарналары бір жылда ең жоғары өсімді көрсетіп, 23,6%-ға артқан.

2026 жылдың алғашқы екі айында зейнетақы шоттарына 571,8 млрд теңге түсті. Сонымен қатар салымшылардың шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс 523,8 млрд теңгеден асты.

Осы кезеңде қордан төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар көлемі 237,1 млрд теңгені құрады. Оның ішінде зейнет жасына байланысты төлемдер 42,32 млрд теңге болса, орташа айлық төлем 38 735 теңге болды.

Сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге арналған біржолғы төлемдерге 86,26 млрд теңге, мұрагерлікке 26,86 млрд теңге және сақтандыру ұйымдарына 72,73 млрд теңге аударылған.

2026 жылғы 1 наурызда БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны 18,39 млн-ға жетті. Оның ішінде 12,75 млн-ы жеке зейнетақы шоттары.

Қордағы зейнетақы активтері туралы толық ақпарат ресми сайтта жарияланды.

Еске салсақ, Жамбыл облысында еңбек және зейнетақы заңнамасына қатысты екі мыңнан астам адамның құқықтары бұзылған болатын.