Жедел жәрдем қызметі елімізде жылына 8 млн-нан астам шақыртуға шыққан

Бүгін, 14:12
Думан Аманжол Думан Аманжол
Жедел жәрдем қызметі елімізде жылына 8 млн-нан астам шақыртуға шыққан
Фото: Оңалхан Өнерхан

Жыл сайын 28 сәуірде Жедел медициналық жәрдем қызметі қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Бұл кәсіби мереке адам өмірін құтқару үшін тәулік бойы қызмет ететін мамандардың еңбегін айшықтайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2025 жылдың өзінде еліміздегі жедел жәрдем қызметі 8 млн-нан астам шақыртуға жауап берген. Ал биылғы жылдың алғашқы үш айында шамамен 1,8 млн шақырту тіркелген.

Жедел медициналық жәрдем – денсаулық сақтау жүйесінің ең жауапты буындарының бірі. Бригадалар оқиға орнына бірінші болып жетіп, өміріне қауіп төнген науқастарға шұғыл көмек көрсетеді. Мұндай жағдайда әр минут шешуші рөл атқарады, делінеді хабарламада.

Бүгінде Қазақстанда жедел жәрдем қызметі 20 дербес станциядан, 93 қалалық кіші станциядан және 189 аудандық бөлімшеден тұрады. Олардың жұмысын Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы үйлестіреді.

Бір ауысымда ел бойынша 1 652 көшпелі бригада жұмыс істейді. Оның 16%-ы дәрігерлік, ал 84%-ы фельдшерлік құрамнан жасақталған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша жедел жәрдем қатысқан жағдайларда ауруханаға дейінгі өлім көрсеткіші 2024 жылмен салыстырғанда 0,2%-ға төмендеді. Сонымен қатар сәтті реанимация көрсеткіші 7,9%-ға артты.

Соңғы жылдары қызметті жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді: автопарк жаңартылып, цифрлық шешімдер енгізілуде, медицина қызметкерлерінің біліктілігі арттырылуда.

Жедел медициналық жәрдем қызметі халыққа шұғыл көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ететін денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігі болып қала береді.

Еске салсақ, Астанада жедел медициналық жәрдем бригадасының фельдшерін ұрған ер адам ұсталды.