Референдум-2026

«Жасыл ел» жастары прокурорлармен экология және құқықтық мәдениет мәселелерін талқылады

«Жасыл ел» жастары прокурорлармен экология және құқықтық мәдениет мәселелерін талқылады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада «Заң мен тәртіп – жауапты азаматтың өмір салты» тақырыбында Астана қаласы прокуратурасының бастамасымен және Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын насихаттау мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағының жастарымен кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.


Кездесу «Таза қала – жасыл болашақ» экологиялық акциясы аясында ағаштарға су құю рәсімінен басталды. Бұдан кейін қатысушылар экологиялық көрмені аралап, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің маңызымен танысты. Сонымен қатар прокуратура өкілдері мен экология саласының мамандары жастармен еркін пікір алмасып, құқықтық сауаттылық, азаматтық жауапкершілік және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөнінде ақпарат берді.

Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі Ерлан Айдаровтың айтуынша, биыл елордада «Жасыл ел» жобасы аясында 200 жас жұмыспен қамтылған.

«Бұл іс-шараның басты мақсаты – «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» идеологияларын ілгерілету. Осы бағытта жастарға маңызды ақпараттар беріліп, прокуратура мен экология саласының мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Биыл «Жасыл ел» жобасы аясында 200 жас жұмыспен қамтылып отыр. Олар төрт жазғы еңбек маусымында еңбек етеді. Жастарға ең төменгі жалақы мөлшеріне теңестірілген 85 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді және барлығы арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етілген. Бүгінде республика бойынша жастарды жұмыспен қамту көрсеткіші жағынан Астана қаласы бірінші орында. Бұл жоба жастарды еңбекке баулуға, олардың жауапкершілігін арттыруға және өз еңбегімен табыс тауып, ата-анасына қолдау көрсетуіне мүмкіндік береді», – деді ол.

Кездесу барысында Астана қаласының экоамбассадоры, экотренер және экологиялық кеңесші Мариям Ималиденқызы тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптау мен қайта өңдеудің экологиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғау әр адамның күнделікті өмір салтынан басталады.

«Қалдықтарды сұрыптау арқылы біз табиғи ресурстарды сақтап қана қоймай, қоршаған ортаның ластануын азайтып, өз денсаулығымызды да қорғаймыз. Бүгінде Астанада пластик, шыны, қағаз, электронды қалдықтар, автодөңгелек пен тоқыма бұйымдарын қайта өңдеуге мүмкіндік бар. Сондықтан әрбір тұрғын қалдықтарды дұрыс сұрыптап, қайта өңдеуге тапсыруды өмір салтына айналдыруы қажет. Ең бастысы – қалдыққа қоқыс ретінде емес, қайта өңдеуге болатын құнды шикізат ретінде қарауды үйренуіміз керек», – деді Мариям Ималиденқызы.

Ал елорданың «Алматы» ауданы прокурорының міндетін атқарушы Жолдас Асқаров «Жасыл ел» жастарының еңбегі қоғам үшін маңызды екенін атап өтті.

«Жасыл ел» жобасына қатысып отырған жастар – Қазақстанның тазалығына бейжай қарамайтын, туған жердің көркеюіне өз үлесін қосып жүрген жанашыр азаматтар. Олардың атқарып жатқан еңбегі – өздерінен кейін өсіп келе жатқан жас буынға үлгі. Еңбекқорлық, жауапкершілік және қоршаған ортаға деген қамқорлық әрдайым жоғары бағалануы тиіс. Осындай белсенді, елге жанашыр азаматтардың қатары көбейе берсін», – деді ол.


Кездесу соңында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, прокуратура өкілдерімен ашық пікір алмасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, табиғатқа жанашыр жастарды қалыптастыруға және қоғамдық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.