Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы Шарм-эль-Шейх (Мысыр) ITF M15 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұған дейін осы додада ересектер арасында алғаш рет жеңіске жеткен қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 811-інші, жарыстың төртінші ракеткасы, таиландтық, 30 жастағы Вишайя Тронгчароенчайкулмен шеберлік байқасты.
Заңғар бірінші партияда айқын басымдылық танытты – 6:1.
Екінші сетте де сол қарқынынан танған жоқ – 6:3.
Осылайша, сенсация жасаған Заңғар Нұрланұлының ширек финалдағы қарсыласы кейін анықталады.
З.Нұрланұлы жұптық сында да ширек финалда өнер көрсетеді. Ол ресейлік, 18 жастағы Артём Богомоловпен бірге бастапқы кездесуінде италиялықтар Лусиано Барбарино – Бальтазар Хусты ойсырата ұтты – 6:1, 6:1.
Сонымен қатар Заңғардың қарындасы, 12 жастағы Райана Нұрланқызы Аустриядағы екінші санаттағы Tennis Europe турнирін сәтті өткізуде. Ол іріктеу сайыстарынан бастап, қазірдің өзінде жартылай финалға дейін жетті.