Жанарбек Әшімжан: 15 наурыз - еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне өтетін тарихи сәт

Бүгін, 09:26
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Жанарбек Әшімжан: 15 наурыз - еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне өтетін тарихи сәт
Фото: Жанарбек Әшімжанның жеке парақшасынан

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған қатысты Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Референдум күні — 15 наурызда Қазақстан халқы өз таңдауын жасайды. Соңғы айларда Конституциялық реформа төңірегінде қоғамда аз әңгіме болған жоқ. Әрине, заңды құбылыс. Мемлекеттің Ата заңы – Конституция тек құқықтық құжат емес, ол елдің саяси құрылымы, билік тармақтарының тепе-теңдігі, азаматтың құқығы мен мемлекеттің жауапкершілігін айқындайтын төл құжат. Конституциялық комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты ретінде осы жұмыстың қалай жүргізілгені, қандай қағидаттарға сүйенгеніміз және бүгінгі тарихи шешім туралы айтып өтейін. Жаңа Конституция жобасын әзірлеу үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Кейбір азаматтар «неге комиссия тек заңгерлерден тұрмайды?», - деп сұрайды. Алайда Конституция – тек құқықтық нормалар жинағы емес. Ол мемлекетті басқару моделі, экономикалық негіз және қоғамдық қатынастар жүйесі. Сондықтан оны талқылауға әртүрлі саланың мамандары – заңгерлер, экономистер, қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері, сарапшылар тартылды», - деді депутат.

Мәжіліс депутатының сөзінше, комиссия құрамына Парламенттегі барлық партиялар – Amanat, Ақ жол, Ауыл, ЖСДП, ҚКП, Respublica өкілдері енді. Бұл біржақты шешімдердің алдын алып, жұмыстың ұлттық мүдде аясында жүргізілгенін қамтамасыз етті. Комиссия өкілдік қағидатымен қатар кәсібилік пен қоғамдық бедел өлшемдерін де негізге алды.

«Біздің мақсатымыз – формальды көпшілік емес, мазмұнды әрі жауапты шешім қабылдау еді. Ашықтық – реформаның басты ұстанымы болды. Комиссия жұмысы толық жария форматта өтті. Отырыстар Конституциялық соттың ресми ресурстарында тікелей эфирде көрсетілді. «Конституциялық реформа 2026» Telegram-арнасы ашылып, барлық өзекті ақпарат жарияланды. Комиссия мүшелері БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы талқылаулардың мазмұнын түсіндіріп, қоғаммен тұрақты диалог жүргізді. Ашықтық тек трансляция жасау емес. Негізгі мақсат – қоғамды шешім қабылдау процесіне тарту. Адамдар қандай нормалар қаралып жатқанын көруі, түсінуі және өз пікірін білдіруі үшін қажет болды. Бүгінде қоғамдық орталарда, әлеуметтік желілерде жүріп жатқан пікірталастар осы ашық жұмыстың нәтижесі», - деді халық қалаулысы.

Сондай-ақ Жанарбек Әшімжан саяси партиялар мен бастамашыл топтардан 1600-ден астам ұсыныс жолданғанын айтты.

«Жаңа редакция аяқ астынан пайда болған жоқ. 2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Парламентті реформалау бастамасын жариялады. Осыдан кейін Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, азаматтардан ұсыныстар қабылдай бастады. E-Otinish және eGov платформаларында арнайы бөлім ашылып, қазан айынан бастап жүздеген өтініш келді. Ұсыныстардың мазмұны жекелеген түзетулермен шектелмей, жүйелі өзгерістер қажеттігін көрсетті. Сондықтан толыққанды Конституциялық реформа жүргізу және арнайы комиссия құру туралы шешім қабылданды. Барлық ұсыныстар біртұтас, логикалық үйлесімді жобаға біріктірілді. Нәтижесінде өзгерістер Конституцияның барлық бөлімдеріне әсер етті», - деді спикер.

Ұсынылған жобада кіріспе, 11 бөлім және 95 бап бар (қолданыстағы редакцияда – 9 бөлім, 101 бап). Екі жаңа бөлім енгізілді: «Халықтық кеңес» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу».

«Төрт бөлімнің атауы мазмұндық тұрғыдан қайта қаралды. 77 бапқа өзгеріс енгізілді. Бұл мәтіннің 84 пайызын қамтиды. Заңнамаға сәйкес, егер нормативтік актінің жартысынан астамы өзгерсе, жаңа редакция қабылданады. Қорытындылай келе, Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау немесе қабылдамау туралы соңғы сөзді халық айтады. 15 наурыз — тек дауыс беру күні емес, еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне өтетін тарихи сәт болары хақ», - деді депутат.

Бұған дейін Мемлекет басшысы референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойғанын жаздық.