Жаңа Конституцияда зайырлылық қағидаты нақтыланды – Талғат Қалиев
«Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаңда саясаттанушы Талғат Қалиев жаңа редакциядағы Конституцияның 5-бабына енгізілген «Дін мемлекеттен бөлек» қағидатының маңызын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сарапшының айтуынша, көптеген елдерде тұрғындар әртүрлі дінді ұстанатындықтан, мемлекет белгілі бір конфессияға басымдық бермей, өзін зайырлы ел ретінде жариялайды.
«Жалпы әлемде тек бір ғана дінді ұстанатын мемлекет жоқ. Көптеген елдерде тұрғындар әртүрлі дінді ұстанатындықтан, билік белгілі бір дінге басымдық бермей, өзін зайырлы мемлекет ретінде жариялайды. Жаңа редакциядағы Конституцияның 5-бабында «Дін мемлекеттен бөлек» деп нақты көрсетілуі қоғамның тұрақты әрі үйлесімді дамуына маңызды негіз қалайды», – деді Талғат Қалиев.
Оның пікірінше, бұл норма мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қатынастардың құқықтық шегін айқындап, зайырлылық қағидатын нығайтады. Сонымен қатар аталған өзгеріс түрлі конфессия өкілдерінің тең құқықта өмір сүруін қамтамасыз етіп, қоғамдық келісімді сақтауға ықпал етеді.