Жаңа Конституция саяси жүйені интеллектуалды даму логикасына бейімдейді – Нұрдәулет Затилла

Бүгін, 13:31
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Жаңа Конституция саяси жүйені интеллектуалды даму логикасына бейімдейді – Нұрдәулет Затилла
Фото: kisi.kz

Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның саяси моделін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Саяси зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Нұрдәулет Затилланың айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қазақстанда ұсынылған жаңа Конституция жобасы мемлекеттіліктің мазмұнын қайта пайымдауды көздейді. Сарапшы Нұрдәулет Затилланың пікірінше, қолданыстағы Ата заң елдің қалыптасу кезеңінде тұрақтылық миссиясын орындаса, жаңа нұсқа қоғамның әділеттілікке деген сұранысына және жаһандық технологиялық өзгерістерге жауап беруге бағытталған.

«Жаңартылған кіріспеде құқықтық жүйені айқындайтын жаңа тұжырымдамалар бекітілді. «Әділ Қазақстан» және «Заң және тәртіп» қағидаттарының енгізілуі – саяси ұраннан нақты конституциялық нормаға көшу», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, мемлекеттіліктің негізі енді тек Тәуелсіздік пен Егемендікке ғана емес, адами капитал құндылықтарына – білімге, ғылымға және инновацияға сүйенеді. Бұл ресурстық даму моделінен интеллектуалды экономикаға көшуге бағытталған стратегиялық қадам ретінде бағаланады.

Маңызды өзгерістердің бірі – тарихи атауы қайтарылған бір палаталы Парламент, яғни Құрылтай. Сарапшының сөзінше, заң шығарушы құрылымның мұндай трансформациясы шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп, артық бюрократиялық кедергілерді азайтады.

«Құрылтайды пропорционалды сайлау жүйесі арқылы қалыптастыру саяси партиялардың рөлін күшейтеді. Олар өз бағдарламаларындағы әрбір уәде үшін сайлаушылар алдында тікелей жауап береді», – деп атап өтті Нұрдәулет Затилла.

Сонымен қатар жоба аясында вице-президент институтын енгізу қарастырылып отыр. Сарапшының пікірінше, бұл ауқымды институционалдық өзгерістер кезеңінде саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін қосымша тетік болмақ.

Конституцияны әзірлеу үдерісі де ашық форматта өтті. 130 сарапшыдан құралған комиссияның жұмысы қоғамдық бақылауда жүргізілді. Азаматтардың ұсыныстарын жинау үшін e-Otinish және eGov цифрлық платформалары пайдаланылды.

Сарапшының айтуынша, 10 мыңға жуық ұсыныстың түсуі құжатты шын мәнінде бүкілхалықтық талқылау нәтижесіне айналдырды. Алғашқы нұсқа қоғамдық сараптамадан өтіп, азаматтық қоғамның пікірлері ескерілген.

Жаңартылған екінші нұсқа 15 наурызда өтетін республикалық референдумға ұсынылуға дайын.

«Бұл – елдің саяси дамуының жаңа кезеңіне өтуге бағытталған стратегиялық қадам», – деп түйіндеді Нұрдәулет Затилла.