Жаңа Конституция елдің ұзақ мерзімді дамуының негізін қалайды – Сенат Төрағасы
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 6 ақпанда өтетін отырыстың күн тәртібін белгіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бюро отырысында Мәулен Әшімбаев Қазақстан қазір елді одан әрі үдемелі дамытуға бағытталған ауқымды өзгерістердің алдында тұрғанын атап өтті.
«Қазіргі таңда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде конституциялық реформалар жүргізіліп жатыр. Олар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды көздейтін ауқымды жаңғырту стратегиясының маңызды бөлігі. Нәтижесінде елдің бүкіл саяси жүйесінің тиімділігі, ашықтығы мен белсенділігі артады. Сондай-ақ саяси ықпал мен жоғары өкілді органның рөлі күшейтіледі. Осыған байланысты елдің жаңа Конституциясының мәтіні дайындалып, жарияланды. Жаңа Ата Заң азаматтардың, қоғамдық институттардың, саяси партиялар мен заңгерлердің ұсыныстары негізінде әзірленді. Комиссия отырыстарында ашық әрі мазмұнды талқылаулар болды. Жаңа Конституция еліміздің ұзақ мерзімді дамуының негізін қалайды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Бюро мүшелері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды Сенаттың алдағы отырысында қарау туралы қаулы қабылдады. Аталған заңның нормалары мәдениет саласын жаңғыртуды, сондай-ақ, тәуелсіз және экономиканың маңызды секторы ретінде креативті индустрия қалыптастыруды көздейді.
Бұдан басқа, сенаторлар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған заңдарды жұмыс үшін Палатаның тұрақты Комитеттеріне бөліп берді.
Осыған дейін жаңа Конституция жобасындағы шығармашылық қауымдастыққа қатысты нормалар талқыланғанын жаздық.