«Заң мен тәртіп»: 2025 жылы Астана полициясы қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етті

Бүгін, 11:31
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Заң мен тәртіп»: 2025 жылы Астана полициясы қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етті
фото: Оңалхан Өнерхан

2025 жылы елордалық полиция «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қылмысқа қарсы іс-қимылға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Жыл басынан бері Астана қаласында профилактикалық және жедел іс-шаралардың кең ауқымы жүзеге асырылып, бірқатар бағыттар бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Негізгі басымдық интернет-алаяқтықтың алдын алуға, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске, вандализм фактілерін болдырмауға, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға, сондай-ақ абаттандыру мен санитарлық тәртіп саласындағы құқық бұзушылықтарға тосқауыл қоюға бағытталды.
Криминалдық полиция желісі бойынша жыл бойы қылмыстарды ашу және алдын алу бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Жыл басынан бері елорда аумағында 12 мыңнан астам қылмыс тіркелді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыс деңгейі 9,4 пайызға төмендеді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында іздеуде жүрген 67 адам анықталып, ұсталды, сондай-ақ елорда аумағында ұрлық жасаумен айналысқан 11 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды.
Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылға ерекше көңіл бөлінді. Жыл ішінде осы санат бойынша 4 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға азайды. Интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 1 300-ден астам интернет-ресурс бұғатталды, сондай-ақ алаяқтық аккаунттар мен арналардың жолы кесілді.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы жұмыс та тұрақты негізде жүргізілді. Шамамен 500 кг есірткі заты тәркіленді, есірткі құқық бұзушылықтар 3,6 пайызға төмендеді. 2 500-ден астам наркограффити жойылды. Жедел шаралармен қатар профилактикалық жобалар, оның ішінде «Астана – есірткісіз қала» акциясы белсенді түрде жүзеге асырылды. Астана қаласының әкімдігімен, мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, жыл ішінде жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты теріс көзқарас қалыптастыруға бағытталған 700-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілді…