«Халық қатысатын бюджет»: Астананың аудан әкімдіктерінде тұрғындардан өтінім қабылдау жүріп жатыр
Астанада 2026 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасын іске асыру жалғасып жатыр. Аталған жоба аясында тұрғындар өз аулаларын абаттандыруға және жаңартуға мүмкіндік алады. Қазіргі уақытта аудандық әкімдіктерде тұрғындардан өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы азаматтардың бастамаларын қолдауға, атап айтқанда аулаларды күрделі жөндеуден өткізуге, гүлзарларды, саябақтарды және өзге де қоғамдық кеңістіктерді құруға бағытталған. Бағдарлама 7 кезеңнен тұрады: сараптамалық кеңес құру, өтінім қабылдау, жобалық ұсыныстарды талдау, дауыс беру, қорытынды шығару, жұмыс жоспарын әзірлеу және жобаларды іске асыру.

Байқоңыр ауданының тұрғындары өтінімдерін аудан әкімдігінің ресми интернет-ресурсы – www.baikonyr-astana.kz сайтының «Халық қатысатын бюджет-2025» бөліміне жолдай алады. Өтінім қабылдау 1 наурызға дейін жалғасады. Өтінім беру үшін жоба атауын, сипаттамасын көрсету, эскиз бен сметаны (шамамен болуы мүмкін), аумақтың қазіргі жағдайын көрсететін фотосуреттерді тіркеу қажет. Қалауы бойынша презентациясын қоса беруге болады. Осы бөлімде жобаның ережелері, үлгілік жобалық ұсыныс, іс-шаралардың мерзімдері және сараптамалық кеңес құрамы да орналастырылған.

Алматы ауданында тұрғындардан өтінім қабылдау 5 қаңтарда аяқталды. Қазіргі уақытта түскен ұсыныстарды талдау және тексеру жүріп жатыр. Дауыс беру 25 қаңтар мен 16 ақпан аралығында өтеді. Ол үшін аудан әкімдігінің сайтында немесе Egov Mobile қосымшасында ЭЦҚ арқылы авторизациядан өту қажет.
Сарайшық ауданында өтінім қабылдау 20 қаңтарда басталады. Өтінім қабылдау кезеңінде қатысушылар нақты өзгерістер мен бюджеттік есепті көрсете отырып, абаттандыру жоспарын әзірлеуі тиіс. Дайын жобалар аудан әкімдігінің ресми сайтындағы «Пайдалы сілтемелер» бөлімінде орналасқан «Халық қатысатын бюджет-2025» бөліміне жүктеледі. Техникалық талдау мен тексеруден кейін жобалар дауыс беру кезеңіне өтеді. Жоба бұл ауданда 2025 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы 17 аула жаңартылды. Бір тұрғын тек бір жобаға ғана дауыс бере алады. Жеңімпаздар үш санат бойынша анықталады: 40 пәтерге дейін, 100 пәтерге дейін және 100 пәтерден көп үйлердің аулалары.

Сарыарқа ауданында да өтінім қабылдау 20 қаңтарда басталады. «Халық қатысатын бюджет» жобасы бұл ауданда 2019 жылдан бері табысты іске асырылып келеді. Осы уақыт ішінде тұрғындардың 157 бастамасы жүзеге асырылды. Тек өткен жылдың өзінде 52 аула жаңартылып, оның 36 жобасы тұрғындардың тікелей қатысуымен іске асқан.
Нұра ауданының тұрғындарынан өтінім қабылдау да қаңтар айында басталады. Жоба аясында Астанада жыл сайын 100-ден астам аула жаңартылады. Тұрғындар бағдарламаға қатысу арқылы өз аулаларын жақсартуға бағытталған жеке ұсыныстарын ұсына алады.
Есіл ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша өтінім қабылдау 2026 жылғы 23 қаңтар мен 1 наурыз аралығында жүргізіледі. Осы кезеңде тұрғындар абаттандыруға қатысты нақты ұсыныстарын және қажетті бюджет есебін көрсетіп, бастамаларын жолдауы тиіс. Жобалар аудан әкімдігінің ресми сайтындағы «Халық қатысатын бюджет-2026» бөлімі арқылы қабылданады. Өтінім қабылдау аяқталғаннан кейін 5 сәуірге дейін техникалық тексеру және талдау жүргізіліп, келесі кезеңге өтетін жобалар анықталады. Дауыс беру 6-24 сәуір аралығында өтсе, 24-29 сәуірде қорытындысы шығарылады.
Ал 4 мамырға дейін сараптамалық кеңес іріктелген бастамаларды іске асырудың басымдықтарын айқындайды. Тұрғындар қолдаған жобаларды іске асыру 2025 жылғы 4 мамыр мен 15 қыркүйек аралығына жоспарланып отыр.