Very Nice және Nice: өткен жылы 80 отандық кәсіпорын туризм саласындағы «Сапа белгісімен» марапатталды

6 қаңтар, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Very Nice және Nice: өткен жылы 80 отандық кәсіпорын туризм саласындағы «Сапа белгісімен» марапатталды
Фото: freepik.com

2025 жылы Kazakh Tourism ұлттық компаниясы туристік сала өкілдерінен «Сапа белгісі» бағдарламасына қатысуға 94 өтінім қабылдады. Кешенді бағалау мен дауыс беру қорытындысы бойынша 80 кәсіпорын талаптарға сәйкестігін растады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Сапа белгісі» бағдарламасы 2021 жылы Kazakh Tourism компаниясының бастамасымен іске қосылды. Оның басты мақсаты - қонақжайлылық мәдениетін және туристік қызметтердің сапасын арттыру.

Осы уақыт аралығында 290 компания өз қызметінің ұлттық және халықаралық стандарттарға негізделген бағдарлама талаптарына сәйкестігін растады. «Сапа белгісі» екі деңгей бойынша беріледі: «Very Nice» және «Nice».

Биыл өтінімдердің басым бөлігі Астана және Алматы қалаларынан, Түркістан және Алматы облыстарынан жолданды.

Өтінімдер 5 санат бойынша қабылданды: «Орналастыру орындары», «Тамақтану орындары», «Туроператорлар», «Гидтерді оқыту» және «Халал-туризм саласындағы нысандар». «Сапа белгісі» иегерлерінің басым бөлігі орналастыру және қоғамдық тамақтану сегменттерінен болып табылады.

Қатысушыларды іріктеу рәсімі мемлекеттік органдар мен өңірлік кәсіпкерлер палаталары өкілдерінен құралған жұмыс тобының бағдарлама талаптарына сәйкестігін міндетті тексеруді қамтиды.

Еске салайық, бұдан бұрын Президенттің туризм саласында қандай азаматтар жұмыс істеу керектігін айтып бергені туралы жаздық.