Ұлытау облысында бірқатар жер телімі заңсыз берілгені анықталды
Ұлытау облысының прокуратурасы өңірде жер телімдерін заңсыз беру және оларды мақсатсыз пайдалану фактілерін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Коммерциялық мақсаттағы екі жер учаскесі белгіленген тәртіпті бұза отырып берілгені, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы 7 мың га жердің мақсатсыз пайдаланылғаны анықталды.
Жаңаарқа ауданында ауданы 1,2 га-дан асатын жер учаскесі міндетті электрондық сауда-саттық өткізілмей жеке тұлғаға берілген, ашықтық қағидаттары бұзылған.
Сонымен қатар, су қорғау аймақтарында жер беруге тікелей тыйым салатын су заңнамасының талаптарын бұза отырып, 55 жер учаскесінің жеке меншікке берілгені анықталды.
Қазіргі уақытта заңсыз берілген жер учаскелерін мемлекеттік меншікке қайтару және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін шаралар қабылданып жатыр.
Еске сала кетсек, Іле Алатауының бөктеріндегі жер телімі мемлекетке қайтарылды.