Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ұлттық әскери-патриоттық орталығында Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің солисі Ғайни Жұмашеваның шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Әншінің ән қоржынындағы барлық туынды жанды дауыста орындалып, концерт бастан-аяқ Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің және Үлгілі-көрсетімді оркестрінің сүйемелдеуімен өтті.
Кеш иесіне Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабековтің атынан алғыс хат және ықылас гүлі табысталды.

«Әскери әнші – жауынгердің рухын көтеретін, жүрегіне жігер құятын, елдік пен ерліктің үнін жеткізетін тұлға. Ол сарбаздың ішкі күшін бекітіп, жеке құрамға моральдық қолдау береді. Ғайни қарындасымызды сол күш пен рух сыйлаушының бірі деп білеміз», - деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Қайрат Үмбетов.
«Құрмет» орденінің иегері, ансамбль жетекшісі» капитан Алпамыс Асылбекұлы оркестрге дирижерлік етті. Концертте сондай-ақ ұландық әншінің өнердегі әріптестері — «DI ART» триосы, Дана Жарас, Мұратбек Хайролла, Алтынай Тастанова, құқықтық тәртіп әскерінің Ерлер хоры, солистері мен хореографиялық тобы, Құрмет қарауыл ротасы да өнер көрсетті.
Кіші сержант Ғайни Жұмашева – ҚР Мәдениет саласының үздігі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты. Ұлттық ұланның өнер ұжымында 20 жылға жуық уақыт абыройлы қызмет етіп келеді. Ақпараттық-насихаттық топ құрамында еліміздің түрлі өңірлерінде өтетін іс-шараларға, қайырымдылық кештеріне, елорданың мәдени өміріне белсенді қатысады. Бүгінде өнер иесінің репертуарында түрлі жанрдағы 30-дан астам туынды бар.
Көпшіліктің сүйіктісіне айналған өнерпаздың «Елім-ай» әні концерттің нүктесін қойды. Бұл кеш Ғайни Жұмашеваның Ұлттық ұландағы көп жылдық қызметінің нәтижесін және елге, өнерге деген адалдығын айқын көрсеткен мәдени іс-шара болды.