Ұлттық құрылтайда ел болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды – Екатерина Смолякова

Ұлттық құрылтайда ел болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды – Екатерина Смолякова
Фото: Екатерина Смолякованың жеке мұрағатынан

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова V Ұлттық құрылтай туралы пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Биылғы Ұлттық құрылтай жиыны қастерлі Қызылорда жерінде өтті. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. Дәл осы жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды.

Қуанышты жаңалықтың бірі деп биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында өтетін Бүкіләлемдік мұралар комитетінің отырысында «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» ЮНЕСКО ұйымының тізіміне қосу мәселесі қарастырылатынын айтуға болады. Қазіргі таңда Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіреді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі тарихи және мәдени нысандардың, сондай-ақ құнды жәдігерлердің рөлін атап өтті. Қаратау петроглифтері сияқты мыңдаған жылдық тарихы бар жәдігерлер төл өркениетіміздің тамырының тереңде жатқанын көрсетеді. Президент құзырлы министрліктерге осындай нысандарды ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды», - деді Екатерина Смолякова.

Сонымен қатар депутат Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының қазақтың ұлы ақыны әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуді ұсынғанын атап өтті.

«Сондай-ақ Әл-Фараби мен Ясауи ілімдерін дәріптеу, ғылыми зерттеулерді тұрақты өткізу және білім беру институттарында жүйелі насихаттау қажеттігі айтылды.

Президент патриотизмді дамытуға ерекше мән берді. Ол азаматтық жауапкершіліктің, қоғамға қызмет етудің және «Таза Қазақстан» акциясы сияқты бастамалардың жүректен шыққан нақты іс-қимылдармен көрінуі маңызды екенін айтты. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады, бұл – нағыз өркениетті ел болудың негізі.

Саяси реформалар аясында Қазақстан бір палаталы Парламентке өтеді, әлеуметтік квоталар сақталады, партиялар үшін 5% межесі қалдырылады. Сонымен қатар Вице-президент институты енгізіліп, ол Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық қатынастар мен Парламенттегі өкілдік міндеттерді атқарады.

Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдер Қазақстанның дамуына жаңа серпін беретін маңызды қадам болды», - деді Мәжіліс депутаты.

Бұған дейін Екатерина Смолякова Elordainfo.kz тілшісіне берген пікірінде Тәуелсіздік өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі таңдағы жауапкершілік және болашақ алдындағы адалдық екенін айтқан еді.