Қазақстанда спортты дамытуға бюджеттен 2023-2025 жылдары 360 млрд теңге бөлінді
Мемлекет басшысы бұқаралық және кәсіби спортты дамыту әркез басымдыққа ие болып қала беретінін айтып келеді: Үкіметте 2026 жылғы ХХV қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Премьер-министр Үкімет отырысында Олимпиада ойындары еліміздің халықаралық имиджін нығайту ісінде өте маңызды рөл атқаратынын баса айтты. Еліміздің спортшылары әлемнің басты байрақты бәсекелеріне өздерінің және тәлімгерлерінің табанды еңбегі нәтижесін ғана емес, бүкіл ұлтымыздың абыройын қорғау үшін бақ сынайды.
«Мемлекет басшысы бұқаралық және кәсіби спортты дамыту әркез басымдыққа ие болып қала беретінін айтып келеді. Сондықтан Қазақстанда спортты дамыту бағытында кешенді шаралар қабылданып, спортшылардың сапалы даярлануы үшін тиісті жағдай жасалуда.
2023–2025 жылдары осы мақсаттарға бюджеттен 360 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қысқы спорт түрлерін дамыту үшін елімізде қажетті базалық инфрақұрылым мен қолайлы климаттық жағдайлар бар», — деп атап өтті Олжас Бектенов.