Үкімет астық, мақта және қант қызылшасын өңдеушілерді қолдаудың жаңа тетіктерін әзірлейді
Премьер-министр Олжас Бектенов отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау тетіктерін кеңейтуді тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ауыл шаруашылығында вегетациялық кезеңнің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, егін жинау науқанын сапалы өткізу және инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыру негізгі міндеттер болып саналады. Өткізу нарықтарын кеңейту және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, Азық-түлік корпорациясына астық өңдеу өнімдерін тасымалдау кезінде шығындарды өтеу жөніндегі оператордың өкілеттіктерін беруді тапсырамын.
Отандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі “Атамекен” ұлттық палатасымен бірлесіп, мақта өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуға және қант қызылшасын тасымалдауға инвестициялық субсидиялау тетігін енгізсін», — деп тапсырды Олжас Бектенов.
Сонымен қатар өңір әкімдіктеріне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, нарықты ет өнімдерімен толықтыру және оның экспортын ұлғайту үшін Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында асыл тұқымды мал басын сатып алу жұмысын жеделдету тапсырылды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесі 40,9%-ға дейін өскені туралы жаздық.