ТЖМ судағы шағын көлемді кемелерді бақылауды қолға алады

Бүгін, 17:25
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
ТЖМ судағы шағын көлемді кемелерді бақылауды қолға алады
Фото: ОКҚ

Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Қазір су айдындарында жылжымалы бекеттер қойылып, жаппай демалыс орындарында патрульдеу ұйымдастырылған. Ақпараттық стендтер мен ескертубелгілері орнатылған, рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Жақын арада ТЖМ-ге шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды бақылау және қадағалау функциялары беріледі. Тексеру іс-шаралары ағымдағы жылдың 1шілдесінен басталады. Еліміздің су айдындарындағы шағын көлемді кемелер мен олардың тұрақ базаларына тексеру жүргізілетін болады. Өрескел заң бұзушылықтар анықталған жағдайда жедел ден қою шаралары қабылданады. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров ОКҚ брифингінде осылай деп мәлімдеді.

«Су айдындарында туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ауқымды үгіт-насихат және профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылып, 23 мыңнан астам рейдтік іс-шаралар мен патрульдеу жүргізілді. Анықталған құқық бұзушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілікқұқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабы, 412-бабы және 440-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жыл басынан бері Кодекстің 412-бабы бойынша жалпы сомасы 4 млн теңгеден асатын 265 әкімшілік хаттама толтырылды», - деді спикер.

Ағымдағы жылғы шомылу маусымы басталғалы бері су айдындарында 10 адам, оның ішінде 7 бала суға батып қаза болды. Адамдардың қаза болуына негізінен жүзе алмауы, өз мүмкіндігін дұрыс бағаламауы, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруы және демалыс кезінде алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде суға түсуі себеп болып отыр. Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған орындарда болады.