ТЖМ балалардың судағы қауіпсіздігіне қатысты рейдтерді күшейтті
Қазақстанның барлық өңірінде «Балаларды судағы қауіптен сақтаңыз!» республикалық акциясы аясында профилактикалық жұмыстар күшейтілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Акция аясында ТЖМ бөлімшелері полиция қызметкерлерімен, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және еріктілермен бірлесіп рейдтер, патрульдеу шаралары, ашық сабақтар, балалар лагерлеріндегі кездесулер мен интерактивті оқыту іс-шараларын өткізіп жатыр. Негізгі мақсат – балалар мен жасөспірімдер арасында судағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, жазатайым оқиғалардың алдын алу және жазғы демалыс кезінде ересектердің жауапкершілігін арттыру.

Астанада су айдындарындағы қауіпсіздікті күн сайын 70-тен астам қызметкер қамтамасыз етеді. Бұл жұмысқа 12 техника мен жеті жүзу құралы жұмылдырылған. Патрульдеу барысында демалушыларға қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін бүгінгі күнге дейін 31 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Алматы қаласында құтқарушылар балалар лагерінде «Қауіпсіздіктің мобильді мектебі» жобасы аясында арнайы іс-шара ұйымдастырды. Балалар өрт сөндіру техникасымен танысып, оқу-жаттығу эвакуациясына қатысып, жер сілкінісі симуляторын сынап көрді. Сонымен қатар судағы, өрт кезіндегі және жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелерін меңгерді.

Шымкентте құтқарушылар «Қауіпсіз балалық шақ аумағы» акциясын өткізіп, тұрғындарға балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу, судағы және өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. Сондай-ақ төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмі таныстырылды.
Атырау облысында жабдықталған жағажайлардың болмауына байланысты құтқарушылар күн сайын рейд өткізіп, азаматтарға рұқсат етілмеген орындарда шомылудың қауіпті екенін ескертіп келеді. Ал Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасы жағалауында патрульдеу күшейтіліп, жаз басталғалы 200-ден астам рейд ұйымдастырылған.

Жамбыл облысында мектеп оқушыларына арналған «Қауіпсіз балалық шақ!» профилактикалық іс-шарасы өтіп, балаларға судағы қауіпсіздік, өрттің алдын алу және төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету тәртібі түсіндірілді.
Жетісу облысында Алакөл мен Балқаш көлдерінің жағалауларында, сондай-ақ Талдықорған қаласының жағажайында құтқарушылар балаларды ойын, викторина және спорттық эстафеталар арқылы қауіпсіздік ережелеріне үйретуде.

Батыс Қазақстан облысында және Жаңаөзендегі «Ақбөбек» балалар демалыс орталығында да осындай профилактикалық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Сонымен қатар ТЖМ-нің 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері күн сайын жағалау аумақтарын патрульдеп, демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
ТЖМ ата-аналарды балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауға, олардың қайда жүргенін бақылауға және демалыс үшін тек жабдықталған әрі шомылуға рұқсат етілген орындарды таңдауға шақырды.

Министрлік мәліметінше, «Балаларды судағы қауіптен сақтаңыз!» республикалық профилактикалық акциясы шомылу маусымы аяқталғанға дейін еліміздің барлық өңірінде жалғасады.
Бұған дейін балалар лагерін таңдағанда нені ескеру керектігін жазған болатынбыз.