Түркияда Қазақстандағы конституциялық реформалар талқыланды
Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы жаңа Конституция жобасына арналған дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР СІМ-ге сілтеме жасап.
Іс-шараға Түркия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ыстанбұл қаласындағы тұрақты өкілі, елші Айше Сезен Услуер ханым, Ыстанбұл губернаторының орынбасары Мехмет Сүлүн мырза, аудан әкімдері, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ академиялық және сарапшылық қауымдастық мүшелері қатысты.
Кездесу барысында жаңа Конституцияның негізгі ережелері, саяси жаңару үдерісі және конституциялық реформалардың басты бағыттары таныстырылды. Қатысушылар енгізілген өзгерістердің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтары арасындағы өзара тепе-теңдікті қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар жаңа Конституцияның елдің тұрақты дамуына, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және қоғам өмірін жаңғыртуға құқықтық негіз қалыптастыратыны айтылды.
Іс-шара қорытындысында Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл жүзеге асырылып жатқан реформалардың маңыздылығына тоқталды. Түркия Республикасының өкілдері Қазақстандағы конституциялық өзгерістерді қолдайтындарын білдіріп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін жеткізді.