Толқын Нұрышева: Жаңа Конституция Қазақстанның даму жолына сай үйлесімді модель қалыптастырды
«Жаңа конституциялық кезең: әлеуметтік-құқықтық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбындағы «Sarap» сарапшылық клубының отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының Мемлекеттік-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталығының директоры Толқын Нұрышева жаңа Конституцияның ерекшеліктері мен оның тарихи сабақтастықтағы маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Толқын Нұрышева жаңа Конституцияны еліміздің конституциялық дамуының заңды жалғасы деп бағалады.
Оның айтуынша, Конституцияны қабылдау – ұзақ ғылыми және қоғамдық талқылаулардан өткен күрделі процесс. Сондықтан жаңа Ата Заңды бағалағанда Қазақстанның бұған дейінгі конституциялық тәжірибесін ескеру маңызды.
«Конституцияның қалыптасу тарихына назар аударсақ, елімізде 1993, 1995 жылдары және кейінгі кезеңдерде бірқатар конституциялық өзгерістер жүзеге асырылды. Әрбір реформа мемлекеттің даму қажеттілігіне байланысты қабылданды. Сондықтан жаңа Конституция – осы тарихи тәжірибенің заңды жалғасы», – деді Толқын Нұрышева.
Сарапшы жаңа Конституцияны Қазақстанның даму ерекшеліктерін ескеретін үйлесімді конституциялық модель деп атады.
«Жаңа Конституцияда бұрын қалыптасқан көптеген тиімді институттар сақталып, олар жаңа кезең талаптарына бейімделді. Бұл – мемлекеттіліктің сабақтастығын қамтамасыз ететін маңызды фактор. Конституциялық модельді түбегейлі өзгерту емес, оның тиімді тетіктерін жетілдіру басты бағыт болды», – деді ол.
Толқын Нұрышеваның айтуынша, Парламенттің құрылымына қатысты өзгерістер де Қазақстанның мемлекеттік даму ерекшеліктерімен байланысты.
«Қазақстан – унитарлы мемлекет. Теориялық және тарихи тұрғыдан мұндай мемлекеттерде бір палаталы парламенттік модельдің болуы заңды құбылыс. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияда бір палаталы Парламент жүйесінің бекітілуі – елдің даму логикасына сәйкес келетін шешім», – деді сарапшы.
Ол жаңа Конституцияда бұрынғы реформалар нәтижесінде қалыптасқан бірқатар құқықтық институттардың сақталғанын атап өтті.
«Мысалы, сайлау жүйесіне қатысты өзгерістер, саяси партиялардың рөлі, мемлекеттік басқару механизмдері уақыт талабына сай жетілдірілді. Бұл жаңа құжаттың бұрынғы конституциялық тәжірибеден толық бас тартпай, тиімді нормаларды сақтай отырып дамып отырғанын көрсетеді», – деді Толқын Нұрышева.
Сарапшы жаңа Конституцияның құрылымында да тарихи сабақтастық бар екенін айтты.
«Конституцияның бөлімдері мен негізгі қағидаттары бұрынғы конституциялық актілермен өзара сабақтас. Бұл – құқықтық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды белгі. Жаңа қағидаттарды енгізумен қатар, қолданыстағы тиімді механизмдердің сақталуы конституциялық реформаның үйлесімді жүзеге асуына мүмкіндік береді», – деді ол.
Сонымен қатар Толқын Нұрышева әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселесінің конституциялық заң арқылы реттелуін маңызды өзгерістердің бірі ретінде атады.
«Әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселесінің конституциялық заңмен айқындалуы оның құқықтық мәртебесін арттырады. Конституциялық заңдардың деңгейі жоғары болғандықтан, бұл саладағы құқықтық реттеудің сапасын күшейтеді», – деді сарапшы.
Ол азаматтық мәселелерін реттеу бағытында да құқықтық тетіктерді жетілдіру қажеттігін атап өтті.
«Азаматтық мәселесі – мемлекеттің негізгі институттарының бірі. Себебі азаматтардың құқықтық мәртебесі сайлау құқығынан бастап, мемлекеттік басқару жүйесіне қатысу мүмкіндігіне дейінгі көптеген маңызды бағыттарды қамтиды. Сондықтан бұл саладағы құқықтық реттеудің сапасы әрдайым жоғары деңгейде болуы қажет», – деді Толқын Нұрышева.
Сөз соңында сарапшы жаңа Конституцияның қабылдануын еліміздің құқықтық дамуының жаңа кезеңі ретінде бағалады.
«Бүгінгі талқылаулар Конституцияның мәнін терең түсінуге, оның қоғам мен мемлекет үшін маңызын саралауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – қабылданған нормаларды тиімді жүзеге асыру», – деп түйіндеді Толқын Нұрышева.