Теміртауда 48 жастағы әйел 13-сәбиін дүниеге әкелді
Теміртау қаласының тұрғыны №1 Перинаталдық орталықтағы облыстық клиникалық ауруханада 13-баласын дүниеге әкелді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасына сілтеме жасап.
Көпбалалы ана 2 наурыз күні ұлды болды. Жаңа туған нәрестенің салмағы – 3650 грамм, бойы – 54 сантиметр. Босану табиғи жолмен және ешқандай асқынусыз өтті. Бұл сәбиі көпбалалы ананың тоғызыншы ұлы. Отбасының тұңғышы 25 жаста.
Әйелдің айтуынша, өзі де көпбалалы отбасында өскендіктен, әулеттің үлкен болуы оған таңсық емес.
«Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім, сондықтан бұл мен үшін таңсық дүние емес. Жолдасым жалғыз бала болып өскен, бірақ уақыт өте келе үлкен отбасыға үйренді. Сәбиіміздің дүниеге келгеніне ерекше қуанып отырмыз. Баланың аман-есен дүниеге келуіне көмектескен дәрігерлерге алғысымды білдіремін», – деді ол.