«Таза Қазақстан»: астаналық оқушылар 7 мың қақпақтан Қазақстанның экокартасын жасады

Бүгін, 18:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Таза Қазақстан»: астаналық оқушылар 7 мың қақпақтан Қазақстанның экокартасын жасады
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

«Таза Қазақстан» кең ауқымды экологиялық акциясы аясында Астана қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейдің оқушылары мен ұстаздары пластик бөтелке қақпақтарынан Қазақстан картасын құрастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл тың бастаманы мектеп-лицей директоры Нұрила Қияқбай ұсынған. Оның идеясын оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар қолдады.

«Жобаны нөлінші сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін барлық сынып жүзеге асыруға атсалысты. 7 мың қақпақ жинау оңай емес, сол үшін аздап алаңдаған да едік. Бірақ мұғалімдерге, ата-аналарға, оқушыларға белсенділігі үшін үлкен алғыс айтамын. Тәуелсіздік күні қарсаңында осындай ерекше карта жасауды жөн көрдік. Бұл жұмысқа шамамен 7 мың қақпақ жұмсалды. Қақпақты бүкіл мектеп болып жинадық, сатып алынған бірде-бір бөтелке жоқ. Балалар өздері әкеліп, жуып, түстерге бөліп отырды. Жобаны жақында толық аяқтадық. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы бұл жұмыс экологиялық қана емес, тарихи мағынаға да ие. Біз табиғатымызды, елімізді қорғаймыз, өйткені Отанымыз бір», – деді Нұрила Бақтиярқызы.

Карта өңірлерге бөлініп жасалған, әр облысқа арналған түс сол өңірдің өзіндік ерекшелігін бейнелейді. Жобаның тарихи мәні туралы оны жасаумен айналысқан оқушылар айтып берді.

«Біз экологияға зиян келтіретін пластик қақпақтарды жинап, сол арқылы Қазақстан картасын жасадық. Қазақстанда 17 облыс бар. Біз сол өңірлермен байланысты Алаш қайраткерлерін картаға енгізіп, әрқайсысына QR-код қостық. QR-кодты сканерлесеңіз, Алаш тұлғаларының еңбектері туралы мәліметті көре аласыз», – дейді оқушы Аралбек Абай.

Жобаны әзірлеу барысында оқушылар мен педагогтар жасанды интеллект технологияларын да қолданған.

«Егер камераны QR-кодқа бағыттасаңыз, Canva қосымшасында бейне ашылады. Бұл бейне жасанды интеллект көмегімен жасалған. Қазір ЖИ өте жылдам дамып жатыр. Сонымен қатар Aлаш қайраткерлерінің бейнелерін Gemini мен Canva арқылы жасап шықтық. Ал оларды «тірілтіп», қозғалыс беру үшін DreamFace бағдарламасын қолдандық. Тұлғалардың сөйлеп тұруы үшін дауыс синтезін пайдаландық», – деп түсіндірді Базарбай Кәусар.

Айта кетейік, мектепте әр апта сайын «Таза бейсенбі» акциясы өткізіліп, оқушылар өз сыныптарын жинауға көмектеседі. Директордың айтуынша, білім ордасында экологияны сақтау мен табиғатты қорғауға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Келесі жылдың басында оқушылардың қатысуымен экологияны сақтаудағы жасанды интеллектің рөлі туралы ауқымды конференция ұйымдастырылмақ.

Бұған дейін «Таза Қазақстан» экобастамасы аясында елордалық студенттерге жаңа эко-хабқа экскурсия ұйымдастырылған болатын.