Таулардағы туристік маршруттарға цифрлық бақылау енгізіледі – министр
Үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қазақстанда таулы жерлерде азаматтар мен шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін цифрлық мониторинг жүйесін іске қосу жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, бүгінде адамдарды қорғау бойынша өз алдына бөлек шаралар қабылдануда, өйткені жыл сайын мыңдаған туристер таулы бағыттармен жүріп, көпшілігі адам жүруі қиын учаскелерден өтуге тырысады.
«Соңғы 5 жылда құтқарушылар тауларда 1 мыңнан астам іздестіру-құтқару операцияларын жүргізді, 1,5 мыңға жуық адам құтқарылды. Туристердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында министрліктің аумақтық бөлімшелерін туристер мен туристік топтардың жүру бағыттары туралы хабардар ету міндеті заңнамалық деңгейде бекітілді. Келешекте туристік маршруттарға цифрлық бақылау енгізуді және құтқару қызметтерін туристердің қозғалысы туралы хабардар ету жүйесін автоматтандыруды жоспарлап отырмыз, бұл кез келген оқиғаларға ден қоюдың жеделдігін және тауларда зардап шеккендерге уақытында көмек көрсету мүмкіндігін арттырады», - деп атап өтті министр.
Еске сала кетейік, 105 елдің азаматтары Қазақстанға электрондық визалар бойынша кіре алады.