Табысы төмендерге 432 мың теңге төлем тағайындалатыны туралы ақпарат жалған - министрлік
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі табысы төмендерге 432 мың теңге біржолғы төлем тағайындалатыны туралы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтьеме жасап.
«Мессенджер мен әлеуметтік желіде табысы 232 мың теңгеден төмен отбасыларға, сондай-ақ белгілі бір сырқаты бар адамдарға 432 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем тағайындалатыны туралы таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қолданыстағы заңнамада мұндай әлеуметтік төлем қарастырылмағанын хабарлаймыз», делінген министрлік таратқан хабарламада.
Ведомство мұндай хабарламаны көбінесе алаяқтар жеке деректерге қол жеткізу мақсатында пайдаланатынын еске салды.
Мемлекеттік қолдау шаралары туралы ресми мәліметтер тек 1414 нөмірінен SMS хабарлама арқылы жіберіледі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың сайтында ғана жарияланады.
Еске сала кетсек, Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Конституция жобасына қатысты фейктерді талдады.