Шымкенттік жүргізуші куәлігін алып беремін деп 45 адамды алдаған

Шымкенттік жүргізуші куәлігін алып беремін деп 45 адамды алдаған
Шымкент қалалық ДП видеосының скрині

Шымкентте полиция TikTok-те жүргізуші куәлігін жедел әрі қиындықсыз алып беруге көмектесетін жалған қызметті белсенді жарнамалаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті TikTok арқылы алаяқтық схема ұйымдастырған. Арнайы парақшада сенімді көрінетін бейнероликтер мен жарнамалық жазбалар жариялаған.

«Бұл уәдеге сенген азаматтар көрсетілген шоттарға ақша аударған. Салдарынан 45-ке жуық қазақстандық зардап шегіп, келтірілген жалпы шығын 20 миллион теңгеден асқан», делінген хабарламада.

Жедел іс-шаралар барысында күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу жүргізіліп, оның өзге де қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

Еске сала кетсек, есірткі саудалаған Көкшетау және Петропавл қаласының тұрғындары 7 жылға сотталды.