Судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға 5 млн теңгеге жуық айыппұл салынды - ТЖМ
Төтенше жағдайлар министрлігі су айдындарындағы оқиғалардың алдын алуға және шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану мәдениетін арттыруға бағытталған «Қауіпсіздік азимуты» республикалық ақпараттық-профилактикалық акциясын бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Акция шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануға қатысты жаңа бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру аясында өткізілуде.
«Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап ТЖМ қызметкерлері заңнама талаптарының анықталған бұзушылықтары бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 580, 582, 583-бабының екінші және үшінші бөліктері, сондай-ақ 584-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы 430 хаттама толтырды. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 4 988 987 теңгені құрады», - делінеді хабарламада.

Акция аясында еліміздің барлық өңірлерінде профилактикалық және бақылау-қадағалау іс-шаралары ұйымдастырылды. Қызметкерлер шағын көлемді кемелердің иелері мен жалға алушыларымен, сондай-ақ су көлігімен жолаушылар тасымалдауды жүзеге асыратын кәсіпкерлермен кездесулер өткізуде. Қатысушыларға шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану қағидаларының талаптары және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің нормалары түсіндіріледі.
Халық жаппай демалатын және кеме қатынасы белсенді жүзеге асырылатын орындарға ерекше назар аударылуда. Құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу мақсатында су айдындарында күшейтілген патрульдеу ұйымдастырылды. Қажет болған жағдайда ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады. Инспекторлар тіркеу құжаттарының, кемені басқару құқығына берілген куәліктердің болуын, жүк тиеу талаптарының сақталуын, сондай-ақ құтқару құралдарының жарамдылығы мен болуын тексереді.
Еске салсақ, елорда прокуратурасы жағажайдағы қауіпсіздік талаптарын тексерді.