Референдум-2026

Су ресурстары министрлігі мен Аризона университеті кадр даярлау мәселесін талқылады

Бүгін, 15:31
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Су ресурстары министрлігі мен Аризона университеті кадр даярлау мәселесін талқылады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Аризона университетінің (ASU) президенті Суреш Гаримелламен кездесті. Кездесуге сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Тараптар Қазақстанның су шаруашылығы саласына мамандар даярлау, сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған бірлескен бағдарламалар әзірлеу және ортақ ғылыми зерттеулер жүргізу бағытындағы ықтимал ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Кездесуде Аризона университетінің су үнемдеу, су ресурстарын тиімді пайдалану және құрғақ аймақтардағы суармалы егіншілікті дамыту салаларындағы озық тәжірибесін зерделеу мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Суреш Гаримелла Аризона университеті екіжақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, оқу орны Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетімен кадр даярлау, жаңа технологияларды енгізу және ғылыми зерттеулер жүргізу бағыттарында әріптестік орнатуға дайын.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және қазақстандық су саласы мамандарының АҚШ-та біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру мәселесін пысықтауға келісті.

«Біз үшін екі негізгі бағыт басымдыққа ие. Бұл - жаңа буын мамандарын бірлесіп даярлау және Аризона университетінің базасында өндірістік тәжірибеден өткізу арқылы сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру. Бүгінде Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті Венгрияның жетекші жоғары оқу орындарымен қос диплом бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Ал «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі АҚШ Геологиялық қызметімен, Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы Нидерландтағы әріптестерімен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Сондықтан біз су ресурстары саласындағы жетекші халықаралық ғылыми ұйымдармен тәжірибе алмасуға әрдайым дайынбыз», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, бүгінде Аризона университеті Қазақстанда М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында жұмыс істейді. Университет осы жоғары оқу орнымен бірлескен қос диплом бағдарламасын және бірқатар ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырып келеді.