СҚО-да химия мұғалімі сабақ барысында күйік жарақатын алды

Бүгін, 17:53
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
СҚО-да химия мұғалімі сабақ барысында күйік жарақатын алды
Фото: freepik.com

Солтүстік Қазақстан облысы Сергеевка қаласында сабақ үстінде химиялық тәжірибе жасау барысында  қолдары мен мойнын, кеуде қуысын күйік шалған 24 жастағы мұғалім ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Сергеевка қаласындағы орта мектептің мұғалімін күйік шалу фактісі бойынша Шал ақын ауданының полициясы тексеріс жүргізді. 10 желтоқсанда аудандық ауруханаға осы ауданның 24 жастағы тұрғыны жеткізілді. Тексеру барысында полицейлер әйелдің дене жарақатын мектепте сабақ кезінде химиялық тәжірибе жасау барысында алғанын анықтады. Процесс кезінде тарсыл болып, соның салдарынан оның киімінің жеңі тұтанған. От 9-сынып оқушыларының көмегімен сөндірілді. Оқушылар зардап шеккен жоқ. Материалдар еңбек қауіпсіздігінің сақталуын тексеру үшін Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаментіне жолданды. Сонымен қатар оқу процесі кезінде техника қауіпсіздігінің бұзылуын жою жөнінде шаралар қабылдау үшін облыстық білім басқармасына ұсыным енгізілді», - деп жазылған Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті хабарламасында.

Бұған дейін Астанада тандырханада өрт шығып, жарақат алғандардың жағдайы ауыр екенін жаздық.