ШҚО-да әлеуметтік азық-түлік бағасын көтерген делдалдар анықталды
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Өңірлік комиссия қызметі аясында электрондық шот-фактураларды талдау барысында бағаларды жасанды түрде көтеру схемасы анықталды.
Анықталғандай, өңірдегі жеке кәсіпкерлердің бірі жасанды делдалдық буын құрған. Ол тауарларды (қарақұмық жармасы, қант, тұз) сатып алып, оларды өзіне қарасты ЖШС-ға қайта сатқан.
«Өзіне өзі қайта сату» нәтижесінде халық тұтынатын маңызды тауарлардың бағасы өскен. Мысалы, қарақұмық жармасына 127% сауда үстемесін қосқан. Сатып алу бағасы 241 теңге болса, 550 теңгеден сатылған. Ал қантқа 45%, ас тұзына 41% сауда үстемесін қойған.
«ҚР заңнамасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесі 15%-дан аспауы тиіс. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Айыппұл салынды», делінеді хабарламада.
Жұмыстың негізгі нәтижесі — өнімсіз делдалдарды жеткізу тізбегінен толық шығару болды. Бұл өз кезегінде бағаның әділ қалыптасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Департамент мұндай схемаларды анықтау жұмыстарын жалғастырып, тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірдегі 70-тен астам сауда нысанының электронды шот-фактуралары талданып, нәтижесінде оннан астам өнімсіз делдал сауда тізбегінен шығарылды.
Еске салсақ, Павлодарда сатылған цементтің көлемін жасырғандарға айыппұл салынды.