Сот құрылыс салушы мен жобалаушылар әрекеттерінен қылмыстық белгілерді анықтады
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Семей Водоканал» МКК-нің мүлік иелері бірлестігіне және ЖШС-ке инженерлік желілерге қолжетімділік беру және кәріз коллекторының аумағында орналасқан құрылыстарды бұзу туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сотқа жүгінуге көппәтерлі тұрғын үйдің инженерлік желілерінде орын алған апат себеп болған, оның салдарынан кәріз ағындарының кері тірелуі нәтижесінде нысандарды су басу жағдайы туындаған.
Апат іс қарау кезеңінде жойылып, құқық туралы дау болмағандықтан, сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Сонымен қатар сот талқылауы барысында қала үшін стратегиялық маңызы бар су құбыры және кәріз желілерінің сақталуын қамтамасыз ету мен оларға қолжетімділік беру талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды.
«Көпқабатты тұрғын үй салу кезінде инженерлік коммуникациялар ғимаратпен жабылып қалғаны, бұл тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп, бүкіл қала үшін ауыр санитарлық салдарға әкелуі мүмкін екені белгіленді.
Сот анықтағандай, бұл бұзушылықтар бірқатар ұйымдардың өз міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан орын алған.
Жобалық құжаттаманы әзірлеу кезінде құбырлар мен құрылыс нысандары арасындағы арақашықтықтар дұрыс көрсетілмеген», - делінген хабарламада.
Жобалау және сараптама ұйымдары инженерлік желілердің нақты орналасуын тексермей, қате мәліметтер ұсына отырып, құрылысқа келісім берген.
Бұдан бөлек, сараптама ұйымдары нысанды салу кезеңінде тиісті бақылау жүргізбеген.
Құрылыс салушы жобалық құжаттаманың инженерлік желілердің нақты орналасуына айқын сәйкес келмейтінін біле тұра, құрылысты жалғастырып, аяқтаған, соның салдарынан тұрғындар мен мемлекеттік су жабдықтау және су бұру жүйелеріне қауіп төндірген.
Ал уәкілетті органдар нысанды пайдалануға беру актісін бекіту кезінде анықталған бұзушылықтардың бар екенін елемеген.
Сот анықтаған мән-жайлар жобалау ұйымдарының, құрылыс салушының және өзге де лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерінде қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын белгілердің болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Осыған байланысты сот Абай облысы прокурорының атына жеке ұйғарым шығарып, заңда көзделген жауаптылыққа, соның ішінде лицензиялар мен рұқсат құжаттарынан айыру мүмкіндігін қоса алғанда, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту мәселесін қарауды тапсырды.
Бұған дейін елімізде құрылыс саласын цифрландыру жоспары бекітілгенін жаздық.