Шоколадтағы құлпынайды қалай дұрыс таңдау керек
Шоколадтағы құлпынай – құрамында қант пен май мөлшері жоғары, тез бұзылатын кондитерлік өнім. Бұл микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан таңдау кезінде тек сыртқы түріне ғана емес, сақтау шарттарына да назар аудару қажет, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.
Сатып алу кезінде міндетті түрде өндірілген күні мен жарамдылық мерзімінің көрсетілуін, сақтау шарттарының (температура, ылғалдылық) сақталуын, қаптаманың бүтіндігін және тауар талаптарының орындалуын тексеріңіз.
Өнімдер бір-біріне жабысып қалмаған, еріп кетпеген, пішіні бұзылмаған және құрамында бөгде қоспалар болмауы тиіс.
Шоколадтағы құлпынайдың жарамдылық мерзімі әдетте 1-2 тәуліктен аспайды. Оны +2-ден +6 °C-қа дейінгі температурада тоңазытқышта сақтау қажет.
Тез бұзылатын компоненттері (крем өнімдері, сүтті десерттер, йогурттар) жоқ жиынтықтарға, сондай-ақ тағамдық қоспалар, консерванттар және гидрогенделген майлар мөлшері аз өнімдерге артықшылық берген жөн.
Таңбалануы жоқ, тұтынушыға арналған ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілмеген, сондай-ақ сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ өнімдерді сатуға жол берілмейді.
«Таңбаланбай сатылатын өнімдерді сатып алудан бас тартыңыз – бұл қауіпті болуы мүмкін.
Кондитерлік өнімдерді тек ұйымдастырылған сауда орындарынан сатып алыңыз және ең алдымен қаптаманың сыртқы көрінісіне емес, құрамына назар аударыңыз.
Сапасыз өнім анықталған жағдайда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына жүгінуге болады», - делінген хабарламада.