Қарағандыдағы ІІМ Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге жас толықтырылым келіп жетті. Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызы бар қалаларынан жиналған 310-ға жуық жас сарбаз салтанатты түрде қабылданды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтемек жасап.
Әскери бөлім аумағында жас жауынгерлерді қарсы алу іс-шарасы ұйымдастырылып, болашақ ұландықтарға бөлімнің тарихы, жауынгерлік жолы мен әскери қызметтің тәртібі түсіндірілді. Командирлер мен сержанттар құрамы сарбаздарға моральдық-психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетіп, әскери қызметтің алғашқы күндерінен бастап темірдей тәртіп пен бірлікке баулуға кірісті.
Алғашқы күндері жас жауынгерлерге әскери жарғы ережелері, қару-жарақпен танысу, саптық даярлық пен әскери өмір салтына бейімделу бойынша сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар, медициналық тексерістен өтіп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Жас сарбаздардың келуі — әскери бөлімнің өміріне тың серпін беріп, оның жауынгерлік қуатын арттыра түспек. Енді олар алдағы екі ай ішінде жауынгерлік дайындықтан өтіп, салтанатты түрде әскери ант қабылдайды.