Еңбек министрлігі шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны жұмыс күші санының 0,25 пайызы мөлшерінде белгілеуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ведомство басшысының «Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға 2026 жылға арналған квотаны белгілеу туралы» бұйрығының жобасын әзірлеген.
Бұйырық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған.
Жоба аясында жұмыс берушілерге жергілікті атқарушы органдар арқылы берілетін рұқсат бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота мөлшерін республикадағы жұмыс күші санының 0,25 пайызы көлемінде белгілеу көзделген.
Сонымен қатар Қазақстанда еңбек қызметіне тартылатын шетел азаматтарының жалпы санын сақтау мақсатында жеке тұлғаларға еңбек иммигранттарын тарту квотасын жұмыс күші санының 2,9 пайызы деңгейінде белгілеу ұсынылған.
Бұйрық жобасы көпшілік талқылау үшін (2025 жылғы 5 желтоқсанға дейін) «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.