Семей–Қайнар автожолында вахтаға бара жатқан 50 жолаушысы бар автобус аударылды

Бүгін, 15:17
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Семей–Қайнар автожолында вахтаға бара жатқан 50 жолаушысы бар автобус аударылды
фото: Оңалхан Өнерхан

Оқиға 31 қаңтарда, сағат 10:30 шамасында Семей–Қайнар автожолының 62-шақырымында, Знаменка ауылы маңында болған, деп хабарлады Elordainfo.kz Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 52 жастағы жүргізуші басқарған SETRA маркалы жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, кейін бүйіріне аударылған. Автобус салонында вахталық жұмысқа бара жатқан 50 жолаушы болған.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан жолаушылар өміріне қауіп төндірмейтін дене жарақаттарын алған. Барлық зардап шеккендерге уақтылы қажетті медициналық көмек көрсетілді.
Аталған факт бойынша полиция тексеру жұмыстарын бастады. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталуда», - делінген хабарламада.

Полиция департаменті жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауға, жол және ауа райы жағдайларын ескеруге, сондай-ақ қыс мезгілінде қала сыртындағы жолдарда ерекше сақтық танытуға шақырады.

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда жолаушылар мінген автобус жүк көлігімен соқтығысқаны туралы жаздық.