Сауалнама: ата-аналардың басым бөлігі бала тәрбиесіне ерекше мән бере бастады
Жыл басынан бері ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарында жаңартылған 3.0 бағдарламасы бойынша 86 мыңнан астам сабақ өткізілді. Оқыту 650 мыңнан астам ата-ананы қамтып, бала тәрбиесі, психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектеп пен отбасының өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
«Сабақтардың мазмұны педагогтер мен ата-аналар қауымдастығының ұсыныстарын ескере отырып жыл сайын жаңартылып отырады. Бағдарламаға тәжірибеге бағытталған тақырыптар мен әкелердің қатысуымен өтетін мектеп іс-шаралары енгізілген. Бұл отбасының бала тәрбиесіндегі рөлін күшейтіп, сенімді қарым-қатынас қалыптастыруға ықпал етеді.
Жаңартылған 3.0 бағдарламасы үш бағытты қамтиды: ата-аналардың эмоциялық тұрақтылығы мен өз-өзіне деген сенімділігін дамыту, бала үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға педагогикалық қолдау көрсету. Мұндай тәсіл балалардың жас, психологиялық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескеріп, отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
Сабақтарды арнайы дайындықтан өткен педагогтер мен психологтер жүргізеді. Ата-аналар сенімді қарым-қатынас орнату, тәуекелдердің алдын алу, бала мен ата-ана арасындағы эмоциялық байланысты нығайту бойынша түрлі кеңестер алады. Ата-аналар арасында ең үлкен қызығушылыққа ие бағыттар – ересектердің жеке үлгісі мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты тақырыптар.
Сауалнама нәтижелері бойынша ата-аналардың көпшілігінің тәрбиеге ерекше мән бере бастағаны байқалады:
- ата-аналардың 73,9%-ы балаларымен күн сайын сөйлеседі;
- 89,6%-ы баланың қиындықтарына жедел әрекет етеді;
- 78%-ы баласының араласатын ортасын жақсы біледі;
- әрбір екінші ата-ана тәрбиелеу тәсілдерін қайта қарауға дайын;
- 62%-ы алған білімдерін күнделікті тәжірибеде қолдануды жоспарлайды.
Еске сала кетейік, ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары 2023 жылдан бастап «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында еліміздің барлық мектептерінде жұмыс істейді және мектеп пен отбасы арасындағы ашық диалогтың тиімді алаңына айналып, ата-аналарды бала тәрбиелеу мен дамытуға арналған практикалық құралдармен қамтамасыз етіп келеді.