Сатып алу құқығымен берілетін тұрғын үйді енді онлайн түрде рәсімдеуге болады
«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу» қызметін онлайн режимінде көрсетуге арналған пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына сілтеме жасап.
Жоба «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ порталы арқылы сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы тұрғын үйге онлайн өтінім беруді және электрондық келісімшарт жасауды қарастырады. Тіркеуге қажетті барлық құжат «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесіне жолданады.
Жоба аясында тұрғын үйді сатып алу құқығымен жалға беру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: құжаттарды тапсыру және жалға алу шартын тіркеуден бастап, сатып алу сомасы толық төленгеннен кейінгі ауыртпалықты шешіп, тұрғын үйге меншік құқығын жеке тұлғаның атына рәсімдеуге дейін кезеңді қамтиды.
«Пилоттық жоба мемлекеттік тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтарға, оның ішінде әлеуметтік осал топ өкілдеріне, бюджет қызметкерлеріне және қала құраушы кәсіпорындардың жұмысшыларына арналған. Жоба жалдамалы тұрғын үйді рәсімдеу тәртібін жеңілдетуге, қызмет көрсету мерзімін қысқартуға, азаматтардың шығынын азайтуға және процестің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, Қазақстанда мемлекеттік функциялар тізілімін цифрландыру жүргізіліп жатыр.