Сарыағаш ауданындағы шаруа қожалығы тропикалық белдеуде ғана өсетін жемісті жерсіндіріп, жылына 200 тоннаға дейін өнім жинап отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Түркістан облысының әкімдігі сайтына сілтеме жасап.
Осыдан 3 жыл бұрын егілген лимон ағаштары бүгінде жайқалып өсіп, жеміс беріп тұр.
Шаруаның айтуынша, жерді тұздылығынан айырып, жәндіктерден тазарту үшін алғашқыда қияр-қызанақ секілді өнімдер еккен. Бүгінде шаруашылықтың 12 гектар жерінде лимон ағаштары жеміс беруде. Әр гектарға 800 түп ағаш егілген. Лимон ағаштары енді 30-40 жылға дейін өнім береді. Шаруа лимон көшеттерін көршілес Өзбекстаннан әкелген. Жеміс ағаштарынан биылдың өзінде 200 тонна, ал алдағы уақытта 1 гектардан 40-50 тоннаға дейін лимон жинауды жоспарлап отыр. Өнім негізінен ішкі нарықта саудалануда. Қазіргі таңда жылыжайда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Бұған дейін Алматы облысында жылына 70 мың тонна жеміс пен көкөніс өңдейтін зауыт құрылысы басталғанын жаздық.