Сарбаздың қазасына себеп болған салғырттық: офицер бас бостандығынан айырылды

Сарбаздың қазасына себеп болған салғырттық: офицер бас бостандығынан айырылды
Фото: pexels.com

Алматы гарнизонының әскери соты Талдықорған гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет өткерген сарбаздың қаза болуына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, қайғылы оқиға 2025 жылғы 23 қыркүйекте болған. Жеке құрамның қарумен жұмыс істеуі кезінде пулеметтен абайсызда оқ атылып, соның салдарынан қатардағы жауынгер Сейтқали Ә. оқ жарақатын алып, көз жұмған.

Әскери прокурорлар істі қадағалау барысында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға және қажетті дәлелдемелерді жинауға бағытталған тергеу және процестік әрекеттердің толық жүргізілуін қамтамасыз еткен.

Тергеу нәтижесінде батальон командирінің орынбасары қаруды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені анықталды. Сонымен қатар ол бұған дейін өткізілген атыс жаттығуларынан кейін қаруды толық тексеруді ұйымдастырмаған.

Салдарынан қару ұңғысында қалып қойған оқ кейінгі жұмыстар барысында атылып кетіп, әскери қызметшінің өліміне себеп болған.

Сот талқылауының қорытындысы бойынша лауазымды тұлға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігімен, яғни ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау фактісі бойынша кінәлі деп танылды.

Сот үкімімен оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Бас прокуратураның мәліметінше, қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін әскерде сарбаздар пікірі негізінде командирлер рейтингі жасалатынын жазған едік.