Әскерде сарбаздар пікірі негізінде командирлер рейтингі жасалды
Алматыда өткен III республикалық сарбаз аналары форумында мерзімді әскери қызметшілер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері таныстырылды. Оның негізінде командирлер рейтингі жасалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Бастама әскери ұжымдарда қолайлы ахуал жасаудағы офицерлердің рөлін арттыруға, командирлер мен жеке құрам арасындағы сенімді нығайтуға, сондай-ақ әскери қызметшілермен озық жұмыс тәжірибелерін таратуға бағытталған.
Армия үйінде өткен III республикалық сарбаз аналары форумы әскери-патриоттық тәрбие мен мерзімді әскери қызметшілермен жүргізілетін жұмыстың өзекті мәселелерін талқылау алаңына айналды.
Қоғамдық диалогқа Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков қатысты. Ол бұл кездесу мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасында тәжірибе алмасуға, өзара іс-әрекеттің жаңа тетіктерін іздеуге және әскери-патриоттық тәрбиені ілгерілетуге бағытталған ұсыныстар әзірлеуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Бұл форум Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, әскери прокуратура органдары, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін біріктірген ашық диалог алаңына айналды.
Қорғаныс министрінің кеңесшісі Әйгерім Ағылтаева өз сөзінде сындарлы диалогты дамыту арқылы әскердің оң имиджін нығайтудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, проблемалық мәселелерді атқарушы органдармен, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарымен қоса, ата-аналар қауымдастығымен бірлесіп қарастырып, оларды шешу жолдарын бірге іздеу қажет.
Әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру, әскери-патриоттық тәрбие беру және сарбаздардың отбасыларымен өзара іс-қимыл жасау тәжірибесімен мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдардың өкілдері бөлісті.
Кездесуге қатысушылар командирлердің тәртіпті сақтау, моральдық-психологиялық ахуалды қамтамасыз ету және әскери ұжымдардың бірлігін нығайтудағы рөлі мен жауапкершілігіне ерекше назар аударды.
«Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің төрайымы Лилия Хайруллина форумның «Патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік – әрбір командирдің міндеті» деп аталуы кездейсоқ емес екенін атап өтті.
– Биыл мерзімді әскери қызметшілер арасында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде сарбаздар құрметтейтін әрі жоғары бағалайтын командирлер анықталды, – деді ол.

Лилия Хайруллинаның сөзінше, бұл рейтинг үздік офицерлер тізімі ғана емес, сонымен қатар жеке құрамның командирлерге деген сенім деңгейін және бөлімшелерде қолайлы жағдай жасау жолындағы күнделікті еңбегін көрсетеді.
Моральдық-психологиялық ахуалды нығайтуға қосқан үлесі, қоластындағыларға деген қамқорлығы және сарбаздардың сеніміне ие болған үздік командирлерге «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің алғыс хаттары табысталды.

Шара соңы Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының, Ұлттық ұланның және ҰҚК Шекара қызметінің шығармашылық ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.