«Шапағат» мемлекеттік медалімен марапатталдым» – Ақмоншақ Нұртаза биылғы жарқын сәттерін айтып берді
Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры, әлеуметтік желіде кең танылған блогер Ақмоншақ Нұртаза өзі үшін биылғы жыл несімен есте қалатыны туралы айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Елдің көзайымына айналған Ақмоншақ Нұртаза 2025 жыл өзі үшін де, өзі басқаратын білім ордасы үшін де өте ерекше жыл болғанын айтты.
«Биыл оқушымен бір толқында болу, ата-ананың мектеп өміріне араласуы, ұстаздардың кәсіби біліктілігін жетілдіру тұрғысында үлкен жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар өзім әлеуметтік желіде белсенді болдым. Бұл белсенділіктің арғы жағында тек өзімнің танымал болуымды арттыру ғана емес, білім саласында үлкен өзгеріс қажет екенін, қоғамдағы ұстаздардың орны жоғары екенін көрсету мақсатын ұстандым. Яғни өзгерген ұрпақ, альфа ұрпақтың көңілін аудару, оларды өзіме қарату арқылы балаларға білімді насихаттауды көздедім. Өзіме балаларға тұлға ретінде қарауды позиция ретінде қойдым. Өйткені баламен бір толқында болу олардың сенімін арттырып, білімге деген құштарлығын дамытатын бірден-бір фактор деп түсінемін. Осы тұрғыда мектептің былтырғы, 2025 жылғы түлектерімен Димаш Құдайбергеннің әніне тренд түсіріп, жүлдені ұтып, Лондонға барып келдім.
Биылғы жылдың біздің мектеп үшін ерекшелігі сол – қаладағы білім ошақтарынан оқ бойы озық болып, көш бастап тұрмыз. 12 баламыз «Алтын белгіге» үміткер, 2 баламыз үздік аттестатқа үміткер. Сонымен қатар мектебіміздегі «Құлагер» театры қалалық деңгейде үлкен қойылымдар қойды. Мектебімізде жаңалық көп, жақында өнерпаз оқушыларымыз Түркияда биден болатын халықаралық жарысқа жолдама алды. Оқушыларымыз халықаралық деңгейде спорт шебері атанып жатыр. Осының бәрі ата-анамен тығыз байланысты болғанымыздың, оқушылармен бір толқында болғанымыздың нәтижесі деп білемін.
Сонымен қатар 2025 жылы мемлекеттік «Шапағат» медалімен марапатталдым. Бұл марапаттың арғы жағында үлкен сенім, жауапкершілік тұрғанын сезінемін. Әлі де үлкен еңбекті талап етеді. Елге аянбай қызмет етуді күтеді», - деді мектеп директоры.
Ол 2025 жылы ел мен елорданың білім саласында да елеулі жаңалықтар мен еңселі жетістіктерге толы болғанын айтты.
«Жалпы, Астана қаласындағы білім жетістіктерін тізбектей берсек, ол өте көп. Қанша мектеп, өнер ошақтары ашылып жатыр?! Соның барлығы Президентіміздің қолдауының арқасында жүзеге асып жатыр. Елордалық мектептер көптеген халықаралық олимпиадалардан, ЖИ бойынша білім жарыстарынан жоғары деңгейден көрініп жүр, бұл – біз үшін үлкен мәртебе», - деді ол.
Ақмоншақ Нұртаза келер жылы да жаңа белестерді бағындыруға дайын екенін айтып, біраз жоспарларын бөлісті.
«Әр адам әр жылдан үлкен жетістіктер мен жаңа белестерді күтеді. 2026 жылдан да көп дүниелер күтемін. Келер жылға үлкен жоспарлар бар. Алдымда ауыл балалары мен қала балаларын біріктіру сияқты балаларға шабыт беретін ірі-ірі жобаларды жүзеге асыру, қайырымдылық жасау сияқты мақсаттар тұр. Алла бұйырса, бәрі сәтімен болады деп ойлаймын.
Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтарды, Астана қаласы тұрғындарын, ұстаздарды, ата-аналарды, оқушыларды шын жүректен келе жатқан мерекемен құттықтаймын. 2026 жылы әр отбасына береке-бірлік, әр ұжымға бір үйдің баласындай ынтымақ дарысын. Ең бастысы, еліміз тыныш болып, Астанамыз көркейіп жайнай берсін!», - деген тілегін айтты Ақмоншақ Нұртаза.
Еске салайық, бұдан бұрын опера әншісі Нұржамал Үсенбаева 2025 жылдағы өнердегі табыстарын бөліскені туралы жаздық.