Салық жеңілдіктері енді жасырын қалмайды: Қазақстанда цифрлық тізілім іске қосылады

Салық жеңілдіктері енді жасырын қалмайды: Қазақстанда цифрлық тізілім іске қосылады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанда бизнеске берілетін салықтық жеңілдіктерді бақылаудың жаңа жүйесі іске қосылады. Қаржы министрлігі Салықтық жеңілдіктердің бірыңғай цифрлық тізілімін құруда. Жүйе бюджетке түспей қалған салық көлемін ғана емес, жеңілдіктің экономикаға нақты қандай пайда әкелгенін де бағалауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тізілім арнайы baqylauda.Qoldau.kz веб-порталы арқылы жұмыс істейді. Ол 70-тен астам мемлекеттік және мемлекеттік емес есепке алу, фискалдық дерекқорлармен және цифрлық жүйелермен біріктірілген.

Осының арқасында мемлекет салықтық жеңілдіктің нәтижесін нақты деректер арқылы бақылай алады. Мәселен, жеңілдік алған компания қанша жұмыс орнын ашты, өндіріс пен экспортты қаншалықты арттырды, қанша инвестиция салды және жаңа технология енгізді ме деген көрсеткіштер ескеріледі.

Бағалау кезінде бес негізгі өлшем қолданылады:

- бюджетке түсетін салық көлемі;

- тұрақты жұмыс орындарының саны;

- өндіріс пен экспорттың өсуі;

- инвестиция көлемі;

- инновациялар мен технологиялық даму.

Егер салықтық жеңілдік экономиканы дамытуға нақты әсер етсе, оны қолдану тиімді деп бағаланады. Ал күтілген нәтиже болмаса, жеңілдікті одан әрі беру мәселесі қайта қаралуы мүмкін.

Бұл ретте жаңа жүйе бизнеске қосымша есеп немесе қағазбастылық жүктемесін арттырмайды. Кәсіпкерлерден анықтамалар мен үзінді көшірмелер жинап, қайта тапсыру талап етілмейді. Қажетті мәліметтер мемлекеттік цифрлық жүйелерден автоматты түрде алынады.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, тізілімнің мақсаты – салықтық жеңілдіктерді шектеу емес, олардың қаншалықты тиімді екенін ашық әрі объективті бағалау.

Жаңа тәртіп ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.

Бұдан бұрын 1 шілдеден бастап ірі салық берешегі барларға елден шығуға уақытша шектеу қойылуы мүмкін екенін жазғанбыз.