Үкімет отырысы аясында өткен баспасөз мәслихатында көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров 25 тоннадан асатын көлікті тасжолға шығаруға тыйым салатын норма қашан қолданысқа енетінін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Вице-министрдің сөзінше, 2022 жылы 2026 жылдан бастап тыйым енеді деп заң өзгертілген.
«Бұл сұрақ 2022 жылдан бастап талқыланып келе жатыр. Мәжіліс депутаттары бұл мәселені көтерген. Ауыр жүк көліктері артық салмақты тиеп алады да, бұл біздің жолымызды құртады. 2022 жылы 2026 жылы 1 қаңтардан бастап іске қосылады деп заңға өзгеріс енгізілді. Министрлік тарапынан кәсіпкерлермен, оның ішінде «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау палатасы алаңында да бірнеше кездесулер ұйымдастырдық. Бірақ қазір мұндай көлік саны елімізде көп болғаннан кейін депутаттық корпус аталмыш норманы алып тастауға ұсыныс берді. 2026 жылдан бастап қолданысқа енгізілмейді. Басқа цифрлық шешімдерді қарастырып көретін боламыз», - деді вице-министр.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мұндай көліктердің тасжолға шығуға болмайтынына назарға алды. Сөзінше, жүк тиеп алғандарының салмағы 60 тоннаға дейін жетеді.
«Біздің жолдар 8 тоннаны көтереді. Ал жаңағы ауыр жүк көліктері толық жүк тиегенде 60 тоннаға дейін жетеді. Олар біздің тасжолға шықса, 1 жылдың ішінде жолды тоздырып бітіреді. 1 триллион ақшаны жолға жұмсап, оны бір күнде жоғалтамыз. Сондықтан депутаттар корпусы бізге тыйым салу туралы ұсыныспен шыққанда, біз оны толық қолдадық. Енді мұндай жүк көліктері көп болып тұрғаннан кейін, оны этап-этап етіп тыйым салуды орындаймыз деп отырмыз. Бірінші Астана мен Алматыға, сосын облыс орталықтарына кіргізбейміз. Осылай кезеңі-кезеңімен жүзеге асатын болады. Олар нан тауып жатыр деп, халықтың байлығын - жолын құртып алмаймыз», - деді министр.