Руслан Асаубаев: Әлеуметтік әділеттілік – жаңа конституциялық саясаттың өзегі

Бүгін, 15:09
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Руслан Асаубаев: Әлеуметтік әділеттілік – жаңа конституциялық саясаттың өзегі
Фото: kisi.kz

Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңартылған моделінде әлеуметтік мемлекет қағидаты нақты құқықтық және институционалдық кепілдіктер арқылы бекітілген. Бұл туралы ҚСЗИ-дың Солтүстік Қазақстан облысындағы өкілі, өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас сарапшысы Руслан Асаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Спикердің айтуынша, Конституцияда Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі мәртебесі барлық мемлекеттік саясаттың құндылықтық негізін айқындайды.

«Әлеуметтік мемлекет – бұл декларативті ұғым емес. Ол азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге, тең мүмкіндіктер қалыптастыруға және әлеуметтік кепілдіктерді нақты тетіктер арқылы іске асыруға бағытталған кешенді модель», – деді Руслан Асаубаев.

Оның сөзінше, Конституцияның 3-бабында мемлекеттің әлеуметтік табиғатын жүзеге асыратын негізгі қағидаттар бекітілген. Атап айтқанда, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, қоғамдық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ адами капиталды, білім мен ғылымды дамыту мәселелері қамтылған.

«Әлеуметтік әділеттілік тек ресурстарды қайта бөлу емес. Бұл – әрбір азаматтың кәсіби әлеуетін жүзеге асыруына, сапалы білім мен медициналық көмекке қол жеткізуіне жағдай жасау», – деді сарапшы.

Сондай-ақ ол еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы кепілдіктерге тоқталды. Мемлекет қауіпсіз еңбек жағдайларын, кемсітусіз еңбекақы төлеуді, ең төменгі жалақы мен зейнетақыны, қартайған, ауырған немесе еңбекке қабілетсіз болған жағдайда әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етеді.

Спикердің пікірінше, ерікті сақтандыруды, қайырымдылық пен волонтерлікті ынталандыру қоғам мен мемлекет арасындағы ортақ жауапкершілік қағидатын нығайтады.

Осылайша, жаңа конституциялық модель әлеуметтік құқықтардың кепілдіктерін, азаматтардың басқару үдерістеріне қатысуын және тәуелсіз құқықтық институттардың рөлін біріктіре отырып, әлеуметтік әділеттілікті мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдырады.