«Ресей темір жолдары» АҚ филиалына монополиялық жоғары бағалар үшін айыппұл салынды
Қазақтан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Ресей темір жолдарының филиалы – Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесіне қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау туралы заңнамасын бұзушылықтар бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Тергеп-тексеру «Ресей темір жолдары» АҚ филиалы ұсынатын электронды теміржол вагондарының таразыларына метрологиялық қызмет көрсету қызметтеріне баға белгілеуге қатысты аймақтық кәсіпорынның шағымынан туындады.
Нарықтың жай-күйіне талдау қорытындысы бойынша филиалдың әрекеттері үстем жағдайды теріс пайдалану болып табылатынын, бұл қызметтерге монополиялық жоғары бағаларды белгілеу және ұстап тұруда көрініс тапқанын көрсетті, бұл жағдай тергеп-тексеру жүргізуге негіз болды.
«Тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 1) тармақшасын бұзғанын растады. Ресей темір жолдары бөлімшесіне қатысты әкімшілік іс қозғалып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарылды.
2025 жылдың 24 желтоқсанындағы сот шешімімен Ресей темір жолдары филиалына 1 880 052 теңге айыппұл салынып, 7 327 728 теңге монополиялық кіріс тәркіленді. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.
Департаменттің нұсқамасы орындалды. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды вагон таразыларына метрологиялық қызмет көрсету бағасы 754 698 теңгеден 536 357 теңгеге дейін (ҚҚС-сыз) төмендетілді, бұл 28%-дан астам төмендеуді білдіреді.
Бұған дейін тұтынушылардың құқығын бұзған суару суын жеткізушілерге 17,8 млн теңге айыппұл салынғанын жаздық.