Референдум қарсаңында Астанада конституциялық реформа талқыланды
Жалпыұлттық референдум қарсаңында «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтында кездесуі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараға Мәжіліс депутаты, конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Марат Бәшімов пен «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция штабының Астана қаласы бойынша мүшесі Дәурен Ұлықпанов қатысты.
Кездесудің модераторы Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов болды.
Жиынның негізгі мақсаты – 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумның маңызын түсіндіру және ұсынылып отырған конституциялық өзгерістерді талқылау.
Кездесуде спикерлер Конституцияға енгізілетін өзгерістердің мазмұнына тоқталды. Әсіресе, Парламентті Құрылтай деп өзгерту мәселесі көтеріліп, заңдарды жедел қабылдау үшін бір палаталы жүйенің тиімділігі мен артықшылықтары түсіндірілді. Сонымен қатар, заң жобаларын қабылдау үдерісінде сот және президенттік билік жүйесінің шетелдік тәжірибелері мысал ретінде келтірілді.

Депутат Марат Бәшімовтің айтуынша, Президент – мемлекетті басқарумен қатар елдің саяси және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең жоғары лауазымды тұлға. Ол сондай-ақ биыл 1 шілдеден бастап жаңа ережелер күшіне енетінін атап өтті.
Спикерлер референдум – елдің болашағына әсер ететін маңызды қадам екенін айтып, әрбір азаматты дауыс беруге қатысып, өз таңдауын жасауға шақырды.

Еске салайық, референдумға қолдау білдірген астаналық жастар 2,5 және 5 шақырымға жүгірді.